Bloomberg: Ірі мұнай компаниялары Қашаған кен орнына қатысты 5 млрд долларлық дауды реттеуге жақын
Мәселеге қанық кісілердің айтуынша, Қашаған кен орнын игеріп жатқан мұнай компаниялары Қазақстан билігімен мәмілеге келуге жақын. Бұл мәміле аясында 5 млрд доллар көлеміндегі экологиялық айыппұлға қатысты дауды реттеуге мүмкіндік туады.
Құрамына Eni SpA, Shell Plc, Exxon Mobil Corp. және TotalEnergies SE кіретін халықаралық серіктестер келісімнің нобайын әзірледі. Келісімге сәйкес үкіметтің экологиялық айыппұлға қатысты дауы тоқтатылып, есесіне компаниялардың әлеуметтік жобаларға қосымша инвестиция салу міндеттемесі қамтылмақ, дейді атын атамауды сұраған мәселенің жай-жапсарына қанық кісілер. Бұның себебі – аталған келіссөздер жабық жағдайда өтуде. Қаражат көлемі, әңгімелескен кісілердің біреуінің келтірген дерегіне сәйкес келесі екі жыл барысында 110 млн АҚШ долларын құрайды.
Бастапқыда талап етілген бірнеше миллиард долларға парапар айыппұлмен салыстырғанда анағұрлым аз сома халықаралық компаниялардың былтыр сотта жеңіске жетуінің нәтижесінде мүмкін болды. Қазақстан билігі Қашаған кен орнын игеруге жауапты оператор North Caspian Operating Company кәсіпорнын тым көп көлемде күкірт сақтауына байланысты кінә таққан. Оператор болса қандай да бір құқықбұзушылық болмағанын алға тартып, тағылған кінәға келіспейтінін білдірді. Бұған қарамастан үкімет елдің аппеляциялық сотында айыппұлды өндіруге қол жеткізген.
Әңгімеге тартқан кісілердің айтуынша, келісімнің қазіргі нұсқасында мұнай компанияларының кен орнында күкірт көлемін азайту бойынша міндеттемесі де көзделген.
Игеру кезеңінде 55 млрд доллар жұмсаған Қашаған консорциумына қарсы бұдан бөлек даулы деп есептелген 13 млрд доллар көлеміндегі шығындарға қатысты басқа арбитраж ісі де жүріп жатыр. Қашаған жобасындағы серіктестер бұл істе өз кінәсін мойындамады.
«NCOC күкіртті кәдеге жаратуға қатысты өз қызметін жауапкершілікпен және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес атқарады», — делінген компанияның электрондық поштамен жолдаған мәлімдемесінде. Компания дауды реттеу мәселесіне қатысты комментарий беруден бас тартты.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 18 -19 қаңтар күндері Италияға іссапармен аттанбақ. Онда президенті Италия премьер-министрі Джорджиа Мелони мен «италиялық бірқатар ірі компания басшылығымен» кездеседі делінген президенттің баспасөз қызметінің Telegram парақшасында. Іссапар барысында президент Тоқаев сонымен бірге инвестиция тақырыбында дөңгелек үстелде төрағалық етеді.
Қашаған кен орнын игеретін консорциумның серіктестері (құрамына сонымен бірге қытайлық CNPC және жапониялық Inpex кіреді) дауды реттеуді көздейтін келіссөздерді қарашада бастаған. Келіссөздің басталуына серіктестердің олай болмаған жағдайда халықаралық арбитражға жүгінетіні туралы ескертпесі түрткі болды.