#ҚОҒАМ
Тренд

BBC: Қазақстанда метанның ірі көлемде ауаға таралуы бірнеше айға созылған

Метан ауаға тараған ең қорқынышты жағдайлардың бірі былтыр Қазақстанның қиырындағы бір ұңғымада тіркелді, бұны BBC Verify сараптамасы анықтаған.

Мамандардың бағалауынша, алты ай бойы үздіксіз жанған алапат өрт салдарынан ауаға 127 000 тонна газ бөлінген.

Метан көмірқышқыл газбен салыстырғанда әлдеқайда жойқын парниктік газ.

Ұңғымаға иелік ететін «Бозашы Мұнай» компаниясы «айтарлықтай көлемде» метанның сыртқа шыққанын жоққа шығарды.

АҚШ қоршаған ортаны қорғау агенттігінің парниктік газ эквивалентін есептегіші келтірген дерекке сәйкес, осындай көлемдегі газдың ауаға бөлінуін бір жыл бойында 717 000 астам бензинмен жүретін көліктің қоршаған ортаға әсерімен салыстыруға болады.

«Газдың ауаға таралу ауқымы мен ұзақтығы шын мәнінде бейқалыпты», — дейді Манфреди Кальтаджироне, метан шығарындыларын зерттейтін БҰҰ халықаралық обсерваториясының басшысы.  «Ауқымы ғаламат».

Газ ауаға 2023 жылдың 9 маусымында тарай бастады. Оған Маңғыстау облысындағы барлау ұңғымасын бұрғылау барысында орын алған жарылыс салдарынан басталған өрт түрткі болған. Ұңғымадан шыққан өрт жыл соңына дейін сөндірілмеген.

Өрт тек 2023 жылдың 25 желтоқсанында ауыздықталды. Жергілікті билік өкілдері BBC-ге қазіргі таңда ұңғыманы цементпен бітеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Табиғи газ негізінен метаннан тұрады, бұл газ адам көзіне көрінбейді. Ал күн сәулесі метан бұлтын жарып өткенде артынша ерекше із қалады. Бұл ізді кейбір жерсеріктер анықтай алады.

Аталған метан кемуін бірінші боп франциялық Kayrros геосараптау компаниясы зерттеді. Артынша бұл сараптаманы Нидерландыдағы ғарышты зерттеу институты мен Валенсияның политехникалық университеті растады.

Жерсеріктерден алынған мәліметтердің егжей-тегейін екшеп, ғалымдар маусым-желтоқсан аралығында метанның жоғары концентрациясын 115 жағдайда тіркеді.

Қолда бар мәліметке сүйеніп, олар аталған бір ұңғыманың өзінен 127 000 тонна метан ауаға тараған деген қорытынды жасап отыр.

Бұл ауқымы жағынан адамзаттың қызметі салдарынан метанның ауаға тарауы бойынша ең ірі екінші жағдай болуы әбден мүмкін.

Валенсиядағы политехникалық университетте қызмет ететін Луис Гюнтер осы жағдайды зерттеуге қатысқан. Оның сөзінше «Тек «Солтүстік ағын» құбырындағы қасақана әрекеттен болған газдың кемуі ғана бұдан жойқын болуы мүмкін» екенін алға тартады.

2022 жылдың қыркүйегінде суасты жарылыс салдарынан Ресей газын Германияға тасымалдайтын «Солтүстік ағын 1» және «Солтүстік ағын 2» құбырларынан ауаға 230 000 тонна метан тарап кеткен.

Маңғыстау облысына қарасты экология департаменті келтірген мәлімдемеде 9 маусым мен 21 қыркүйек аралығында 10 жағдайда ауадағы метан концентрациясы заңда белгіленген шекті шамадан жоғары болғаны айтылады.

Бұл мәлімдемеде бұған қоса жарылыстан кейінгі бастапқы сағаттарда ауадағы метан деңгейі рұқсат етілген шамадан 50 есе көп болғаны да көрсетілген.

Бұған қарамастан ұңғыма иесі – қазақстандық «Бозашы Мұнай» компаниясы метанның ірі көлемде ауаға тарап кеткенін жоққа шығарып отыр.

Компания ұңғымадағы газ көлемі мардымсыз болғанын айта келе, сыртқа шығып жатқан кез келген метан ұңғыма оқпанынан шығаберісте жанып кетер еді деп мәлімдеді.

Компанияның айтуынша, атмосфераға тек су буы ғана бөлінген, ол бу ақ шлейф түзіп, оны жерсеріктер анықтаған.

«Біз мәселені зор жауапкершілікпен қарастырдық» деді ВВС-ге берген сұхбатында компанияның стратегиялық даму жөніндегі директоры Данияр Дүйсембаев.

«Бозашы Мұнай» тапсырысымен жүргізілген тәуелсіз зерттеулер Kayrros жасаған қорытындыны теріске шығарады. ВВС-ге бұл зерттеу жұмысы қолжетімді болмады.

Қазақстан метан шығарындыларын азайтуға уәде берді

Атыраудағы өнеркәсіптегі қауіпсіздік комитеті апат салдарын зерттей келе, «Бозашы Мұнай» ұңғыманы бұрғылау кезінде бақылау қажетті деңгейде болмағанын анықтаған.

Бұдан бөлек, компания қосалқы мердігер «Заман Энерго» компаниясын бұрғылау барысында бұрғылау тәртібін сан мәрте бұзғаны үшін айыптаған. «Заман Энерго» бұл мәселе бойынша сұрауымызға комментарий беруден бас тартты.

Энергетика министрлігі BBC-ге берген мәлімдемесінде газдың тарауымен күрес «күрделі техникалық операция» болғанын хабарлап, «бұл тектес апаттарды жоюдың біркелкі тәсілі жоқ» екенін алға тартқан.

Қалай болған күнде де, метанның тарауына қатысты бұл жағдай Орталық Азия үшін таңсық емес.

Көршілес Түркменстан сияқты, Қазақстанда да ондаған «суперэмиттер» тіркелген – ғалымдар бұл терминді ауаға ірі көлемде метан шығарындысы тарағанда орын алатын оқыс жағдайларды сипаттау үшін пайдаланады.

Бірақ Гюнтер мырза Маңғыстау облысындағы апатты жағдай басқаларынан анағұрлым бөлек екенін айтады. «Бұл адамның қалыпты тіршілігі салдарынан метан ауаға тараған ең ірі апат» деп сөзін түйіндейді ғалым.

Climate Action Tracker мамандары болжамдарға сәйкес табиғи газды өндіру көлемі артатындықтан, Қазақстанда газ құбырынан метанның ауаға тарау қаупімен бетпе-бет тұрғанын айтады.

Былтырғы COP28 саммитінде Қазақстан Жаһандық метан шығарындыларын азайту міндеттемесіне қосылды. Оған сәйкес 150-ден астам ел 2030 жылға дейін метан шығарындыларының көлемін 30%-ға ұжымдық азайтуды көздейді.

 

Түпнұсқа
BBC
Back to top button