Орталық Азия мемлекеттері мен АҚШ арасындағы алғаш саммит қалай өтті?
БҰҰ Бас Ассамблеясы өтіп жатқан күндері Байден қауіпсіздік, экономикалық ынтымақтастық және маңызды қазба байлықтары мәселелерін талқылау үшін Орталық Азия мемлекеттерінің президенттерімен кездесті.
АҚШ президенті Джо Байден мен Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркменстан, Өзбекстан басшыларымен аталған кездесуі 19 қыркүйек күні өтті.
Бұл саммит Орталық Азия мен АҚШ қарым-қатынастары аясында ең алғашқы басқосу болып отыр, себебі АҚШ-тың бұған дейінгі бір де бір президенті бұл мемлекеттердің басшыларымен мұндай форматта ешқашан кездесіп көрмеген.
АҚШ пен Орталық Азия арасындағы жоғары деңгейдегі дипломатиялық басқоулар бұрын-соңды жиі өтпеген. Бұны саясаттанушы Эдвард Шатц «қашықтағы гегемония» деп атап өткені бар. Басқа әлемдік державалармен салыстырғанда АҚШ-тың Орталық Азиямен қарым-қатынасы әлсіздеу болып келді. Бұған XXI ғасырда Ауғанстандағы қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылықтың қайта өршуі де септігін тигізе алмады.
2015 жылы С5+1 форматы түзіліп, «қашықтағы гегемонияда» біршама ілгерілеу нышаны байқалды. Бұл формат АҚШ мемлекеттік хатшысы мен Орталық Азиядағы бес мемлекеттің сыртқы істер министрлері арасында диалогтың өркендеуіне сеп. Соңғы уақытта АҚШ өкілдерінің дипломатиялық сапарлары мемхатшы деңгейінде тұралап қалмауын Катрин Путц Ресейдің 2002 жылғы ақпанда Украинаға ауқымды түрде басып кіруімен байланыстырады.
Байден саммит барысында Ресейді тікелей атамағанымен, аймақ территориясының біртұтастығына айрықша екпін қоюы Ресейдің шекарада тіс батырып отырғанын меңзейді.
Сонымен, Байден Орталық Азиядағы әріптестерімен не туралы мәслихат құрды?
АҚШ-тың сыртқы саясатын күйттеген бұл кездесуде терроризммен күресті айналып өту мүмкін болмады, сондықтан Байден Орталық Азиямен осы бағытта, одан бөлек шекараны қорғау мен құқық қорғау мәселесінде ынтымақтастыққа ден қоюға серт берді. 2020 жылғы жағдайға сәйкес Америка Құрама Штаттары тренинг өткізу, сонымен қатар террористердің контрабандасына, есірткі мен қару-жарақ тасымалына тосқауыл қою үшін көлік беру арқылы шекаралардың қауіпсізігіне 90 миллион доллар бөлді.
Саммитте экономикалық қатынастар да елеусіз қалмады. Байден америкалық компаниялармен сауда-саттыққа, жеке сектордың инвестицияларына көмек көрсетудің маңыздылығына тоқталды.
Мемлекеттік департамент бұған дейін жеке сектордың «аймақтағы коммерциялық кәсіпорындарға әсіре консерватив ұстаныммен құйған инвестициясы 31 миллиард доллардан асып жығылғаны» туралы хабарлап еді. Орталық Азия мемлекеттері тың инвестиция легінен дәмелі, бұл орайда олар ірі әрі тартымды жобаларды ұсынумен келеді. Экономикалық қатынастар 2023 жылы да Орталық Азия – АҚШ дипломатиясының басты назарында қала бермек, ал аймақта қазан айында өтетін C5+1 кездесуінде тараптар орнықты даму мәселесін қаузайды деп күтілуде.
Талқы барысында күтпеген жайдың бірі маңызды минералдар бойынша C5+1 диалогын іске қосу туралы бастама болған сықпытты. Хром, мыс, литий сияқты маңызды минералдар таза энергия технологиясы үшін барынша қажет.
Минералдық шикізат мәселесінде Қытайға тәуелділіктен арылу үшін АҚШ барын сап жатқан шақта Орталық Азиядағы мемлекеттер, әсіресе Қазақстан мен Өзбекстан, өздеріне тиесілі минералдық ресурстарды пайдаға асыруда жойқын әлеуетке ие. Қазіргі таңда Қытай маңызды минералдар нарығында көш бастап тұр, бұл ретте АҚШ Қытайдан 26 маңызды минералды импорттайтынын ескеру шарт. Тек минералдық қазба байлықтарына ден қоятын C5+1 диалогы арқасында қатынасушы барша мүдделі тарап пайдаға кенеледі деп күтілуде.