Рим Папасы Франциск Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу барысында «жаһанда бейбітшілік пен тұрақтылықты өркендету жолындағы кезек күттірмес міндеттемелердің» маңыздылығын талқылады.
Рим Папасы Францискпен кездесуден соң президент Ватиканның мемлекеттік хатшысы кардинал Пьетро Паролин мен мемлекеттер және халықаралық ұйымдармен байланыс жөніндегі Ватикан хатшысы Пол Ричард Галлахермен кездесті.
Қасиетті Тақтың баспасөз қызметі жариялаған мәлімдемеге сәйкес тараптардың басқосуы «жылы ықыласты» рәуіште өтіп, «Қасиетті Тақ пен Қазақстан арасындағы екіжақты қарым-қатынастың оң бағытта өрбіп жатқанына ризашылық білдірілді».
Сонымен қатар, Рим Папасы мен Президент «дінаралық диалог саласында өзара ықпалдастықты» ерекше атап өтіп, «діндар адамдардың халықтың өміріндегі белсенділігі артатынына сенім білдірілді».
«Бұдан бөлек аймақтық және халықаралық мәселелер талқыланды», — делінген мәлімдемеде. «Бұл ретте текетірестер мен гуманитарлық жағдайларға айрықша көңіл бөле отырып, жаһанда бейбітшілік пен тұрақтылықты өркендету жолындағы кезек күттірмес міндеттемелердің маңыздылығы талқыланды».